Өндірістік кәсіпорын мен ғылыми зерттеу ұйымдары арасында қарым-қатынастың тиімді механизмін құру керек - Бақытжан Жұмағұлов

; АЛМАТЫ. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Ғылыми инженерлік бірлестіктердің алдында жаңа міндеттер тұр. Еліміздің ғалымдары мен инженерлердің белсенді және мақсатталған жұмыстары, өндірістегі технологияларды ғылымның алдыңғы қатарлы жетістігімен жарақтандыру экономика жаңаруындағы шешуші факторлардың бірі болатынына сенімдімін.

Өндірістік кәсіпорын мен ғылыми зерттеу ұйымдары арасында  қарым-қатынастың тиімді механизмін құру керек -  Бақытжан Жұмағұлов

Бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтің ел алдында қойып отырған стратегиялық міндеттерді тиімді шешуге ықпал етеді. Бұл туралы бүгін Алматыда "Халық тұтынатын тауарлардың инновациялық технологиясы, сапасы және қауіпсіздігі" деген тақырыпта өткен халықаралық ғылыми - тәжірибелік конференцияда Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Бақытжан Жұмағұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі конференция Қазақстандағы тамақ және жеңіл өнеркәсіп саласындағы дамудың өзекті және перспективті міндеттері мен халық тұтынатын тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігіндегі мәселелерге арналып отыр. Осы бағыттар Қазақстанда тиімді дамуы үшін, өндірістік кәсіпорын мен ғылыми зерттеу ұйымдары арасында қарым-қатынастың тиімді механизмін құру керек. Елімізде мұндай байланыстың негізі жасалынуда, олар - тамақ өнеркәсібі саласы мен тоқыма өнеркәсібінде жұмыс істеп жатқан кластерлер және халық тұтынатын тауарларды сертификаттан өткізетін және талдама жасауға арналған құралдар мен заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған ЖОО-ғы ғылыми инженерлік зертханалар», деді Бақытжан Жұмағұлов. Оның айтуынша, еліміздегі тамақ және жеңіл өнеркәсіп саласының дамуы - экономиканы диверсификациялаудың, Қазақстанның индустриялды-инновациялық дамуының маңызды құрамы болып табылады.