Өндіруші ішінен қауырсын шыққан шұжық туралы видеоға қатысты пікірін білдірді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Астаналық "Мясные времена" шұжығын өндіруші ішінен құс қауырсыны шыққан халал шұжығы туралы жарияланған видеоға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.
«Біз өзіміздің цехта тергеу жүргіздік. Шұжықты кесіп, бейне таспаға түсірдік, арасында қауырсын жоқ.
Мен видеоны таратушымен хабарластым, олар ірі көлемде ақша сұрайды. Менің ойымша олар бұл видеоны пайда табу үшін түсірген. Телефон жазбасы бізде бар. Өйткені, басшылыққа, дүкенге шұжықты əкеліп, көрсеткен жоқ.
Оған қоса, олар шұжықтың кесілген бөлігі, логотипі бар оң жақ тұсын кеспей, логотипі жоқ тұсын кесуде. Бұл бізге күдік тудырып отыр", деді «Мясные времена» шұжық цехының директоры Антон Пярн ҚазАқпарат" ХАА тілшісіне.
Оның түсіндіруі бойынша, қазіргі кезде супермаркет «Мясные времена» өнімдерінің барлығын саудадан алып тастаған.
"Біздің көлік таңғы 7-де Көкшетауға жолға шықты. «Small» супермаркеті біздің өнімді саудадан алып тастады. Барлық өнімді зерттейміз, содан кейін ғана аталған оқиғаны теріске шығаратын боламыз", деп атап өтті ол.
Видео Көкшетауда түсіріліп, WhatsApp əлеуметтік желісі арқылы таратылған. Видео авторы «Халал» белгісі бар «Мясные времена» бренд шұжығын жергілікті супермаркеттен алғанын айтуда. Үйіне келгеннен соң, ер адам əйелі екеуі шұжықтан құстың қауырсынын анықтаған.
«Директорға (супермаркет) қоңырау шалып, осы шұжықпен бүкіл Көкшетауды тамақтандырмас үшін сөреден алып тастауды өтіндік. Мұндай бізде бірінші рет кездесіп отыр. Мен мұндайды осыған дейін Интернеттен ғана көрдім", дейді тұтынушы.