Өнер мен мәдениетте сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облыстық департаменті өңірлер ішінде тұңғыш рет «Өнер мен мәдениетте сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ» атты акция өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының 9-бағытын жүзеге асыру және «Рухани жаңғыру: Өзгерістерді өзіңнен баста!» атты бағдарлама аясында ұйымдастырылған.
«Парақорлықтың алдын алу тақырыбында ақындар айтысы өтіп, Маңғыстау өнер колледжі студенттері дайындаған «Өнерге қиянат» және Жаңаөзен қаласының «Асыл сөз» оқушылар шығармашылық үйі» әзірлеген «Мың рет бара бергенше бір рет пара бер» атты театрландырылған көріністері көпшілік назарына ұсынылды. Акцияның негізгі мақсаты - қоғамда орын алып жатқан өнер мен мәдениет саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне «мүлдем төзбеушілік» мәдениетін қалыптастыру және алдын алу», - деп атап өтеді департаменттен.
«Өнер мен мәдениетте жемқорлыққа орын жоқ» атты акцияның тұсаукесеріне арналған кеште белгілі сазгер Е.Құли, танымал әншілер А.Көшеров, Ж.Көшкінов, М.Әсембаев, Н.Ибрагим және Нұрлан Мусаев, Арғынбек Қалбаев сынды айтыскерлер, құқық қорғау органдарының басшылары, мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері, мәдениет пен мұнай-газ саласының ардагерлері, қарттар үйінің тұрғындары қатысты. Шара барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облыстық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрайымы Н.Жанназарова сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және оның алдын алу жұмысы тек мемлекеттік органдардың ғана емес, баршаға ортақ іс екендігін әрі қоғамның әлеуметтік топтарының белсенділігіне мұқтаждығын атап өтті. Сондай-ақ, ол осы үрдіс жалғасын табуы үшін өзге өңірлерге үндеу жолдады.
Айта кетерлігі, қазіргі таңда Маңғыстау облысында өнер және мәдениет саласында екі мыңға жуық қызметкер бар және осы уақытқа дейін олардың арасында сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелмеген. Дегенмен, осы жыл бойы өңірде мәдениет және өнер саласының қызметкерлерімен семинар, көрмелер, кездесулер, дөңгелек үстелдер мен жиындар ұйымдастырылмақ.