Өнер саласы «Несиеге махаббат» атты тағы бір отандық фильммен толықты

АЛМАТЫ. 10 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Кеше Алматыда «Қазығұртфильм» киностудиясының «Несиеге махаббат» фильмінің тұсаукесер рәсімі өтті.
None
None

Фильмнің қоюшы-режиссері - ҚР Жастар сыйлығының, Дарын мемлекеттік сыйлығының иегері Сәбит Абдықалықов, ал сценарий авторлары -С. Абдықалықов, Нұргелді Садығұлов пен Сафуан Рыспай.

Аталған кино комедия жанрында түсірілген. Қоғамда әр адам жақсы өмірді аңсайтыны белгілі. Дегенмен өз армандарын әркім әрқалай жүзеге асырып жатады. Фильмдегі басты кейіпкер әдемі қызға үйленгісі келеді, сондай-ақ оның іздеген адамы өте ауқатты отбасыдан шыққан болуы керек. Сәнқой қыздардың көңілін аулау үшін ол анасының рұқсатынсыз несие алып, тұрып жатқан пәтерін кепілдікке қояды. Алған ақшасына ең қымбат темір тұлпардың бірін таңдап мінген жігіт, көптеген мәселені басына тілеп алады.

Автокөлікке мінген жігітке арманына жету шақ қалғандай көрінеді, дегенмен бәрі бірден орындала бермейтініне көзі жетеді. Сонымен қатар алған несиесін 30 күннен кейін қайтарып отыруы керек екені де оны қатты мазалай түседі.

Қолы жетпейтін қыздардың артынан жүгіріп, босқа әуре болып жүрген жігіт жанында жүрген суретші әрі сүйкімді қыздың өзіне ғашық екенін сезбейді.

Несиені қайтарудың соңғы мерзімі келгенде кейіпкер ақшаға шынайы махаббат пен сенімді сатып ала алмайтындығына көзі жетіп, өмірдегі ең құнды - пәк сезім екендігін түсінеді.

Фильм 10 ақпанның бастап отандық кинотеатрлардан көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар