Өнер саласындағы жоғары марапатқа ие болғаным мені шабыттандырады - Сержан Кәуіков

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Ақордада «Астана Опера» театры балетінің үздік солистері Сержан Кәуіков пен Тайыр Гатауовты «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» мемлекеттік наградасымен марапаттады.

Өнер саласындағы жоғары марапатқа ие болғаным мені шабыттандырады - Сержан Кәуіков

Республика Тәуелсіздігінің 22 жылдығына орай құрметті марапат солистерге «Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуда қосқан елеулі үлесі үшін» берілді.

Сержан Кәуіков Елбасына және опера мен балет өнерін сүйер қауымға өз алғысын білдірді. Үздік солисіміз әртістің ауыр еңбегіне лайықты баға берілгенінің маңыздылығын атап өтті. «Өнер саласындағы жоғары марапатқа ие болғаным мені шабыттандырады, алайда бұл тек бастамасы, алда әлі алынатын асулар бар, біз «Астана Опера» театрының солистері болғандықтан, бұл құрмет болашаққа - әлемдік мәдени кеңістікке жол ашады», - дейді Кәуіков С.

«Астана Опера» театрының үздік солисі Тайыр Гатауов марапаттау алдында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы ол үшін еңбегіне берілген ең жоғары баға екенін басып айтты. «Мен басты партияларды орындаған талай спектакльдердің тұсаукесерінде Президент келіп, театр труппасын құттықтап еді. Аталған марапат бұрынғыдан да биік жетістікке қол жеткізуге серпін беретініне сенімдімін», - деп атап өтті әртіс.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы - республикаға сіңірген орасан зор еңбегі үшін мемлекеттік және қоғам қайраткерлеріне, ғылым, мәдениет, өнер, өндіріс, және әлеуметтік сала өкілдеріне берілетін ең жоғарғы марапат.