Өнер ұжымдары Қызылағашта су тасқынынан зардап шеккендерге біркүндік жалақысын аударды
АЛМАТЫ. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстанның 12 өнер ұжымы Алматы облысының Қызылағаш ауылындағы апаттан зардап шеккен отандастарына біркүндік еңбекақыларын аударды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Олар бұнымен қатар апаттан зардап шеккендерге көңіл білдіріп, хат жолдады. «Қадірлі Қызылағаш ауылының тұрғындары! Апат айтып келмейтіні рас. 12-наурызда орын алған қайғылы оқиға бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бұл - бір ауылдың қайғысы емес, бүкіл еліміз аза тұтқан қаралы күн деп білеміз.
Сіздермен бірге жаны жаншылып, көңілі құлазыған дүйім елдің бар екенін ұмытпағайсыздар. Біз, Алматы қаласындағы өнер ұжымдары, қапыда шейіт болған жандардың отбасыларына, туған-туыстары мен жақын-жұрағаттарының қасіретіне ортақтасып, қайғырып көңіл айтамыз. Рас, опат болған азаматтардың орнын ешкім, ешнәрсе толтыра алмайды, дегенмен, тірі адам тіршілігін жасайды. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей, біздің өнер адамдары бір күндік еңбекақыларын Қызылағаш ауылының су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындарына арналған есеп-шотқа аударып отыр» делінген хатта. Хатқа Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ұжымы атынан Қазақстанның халық артисі, театрдың көркемдік жетекшісі және директоры Талғат Теменов, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық драма театрының ұжымы атынан Қазақстанның халық артисі, театрдың көркемдік жетекшісі Есмұхан Обаев, М. Лермонтов атындағы Мемлекеттік орыс драма театрының ұжымы атынан театр директоры Юрий Якушев қол қойған. Сонымен қатар хатқа қол қоюшылар қатарында М. Қожамияров атындағы республикалық Ұйғыр музыкалық-комедия театры, Н. Сац атындағы орыс мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры, Республикалық корей драма театры, Республикалық Қуыршақ театры, «Қазақконцерт» бірлестігі, «Гүлдер» ансамблі, Абай атындағы Ұлттық опера және балет театры, Республикалық неміс драма театры, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің басшылары бар.