Өнеркәсіп кәсіпорындарының іскерлік белсенділігі өткен аймен салыстырғанда жоғарылады - статистика
АСТАНА. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат - Зерттелген өнеркәсіп кәсіпорындарының іскерлік белсенділігі өткен аймен салыстырғанда жоғарылады. Бұл ақпаратты ҚР Статистика агенттігі таратып отыр.
Ведомствоның хабарлауынша, өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары 2010 жылғы тамызда өткен аймен салыстырғанда дайын өнiмге сұраныстың өсуін және оның қорларының азаюын атап өткен. Бұл олардың іскерлік белсенділігінің өсуіне себепші болып отыр. 2010 жылғы тамызда өнеркәсіп кәсіпорындарының іскерлік белсенділігін сипаттайтын кәсіпкерліктің сенімділік индексі өткен аймен салыстырғанда 3 пайыздық тармаққа өсіп, +13 пайызды құраған. Сонымен қатар кәсіпорын басшыларының бағалауынша, 2010 жылғы қарашаға дейiн iскерлiк белсендiлiктiң өсуі күтілуде. Яғни кәсіпкерліктің сенімділік индексі ағымдағы жылғы тамызбен салыстырғанда 1 пайыздық тармаққа өсіп, +14 пайызды құрамақ.
Ал сауда кәсіпорындарының іскерлік белсенділігі осы жылдың тамызында өткен аймен салыстырғанда сәл ғана көтерілген. Атап айтқанда 2010 жылғы тамызда сауда кәсіпорындарының іскерлік белсенділігін сипаттайтын кәсіпкерліктің сенімділік индексі өткен аймен салыстырғанда 1 пайыздық тармаққа өсіп, +13 пайызды құраған. Мамандардың болжамынша, ағымдағы жылдың қарашасына дейін іскерлік белсенділіктің елеулі өзгеруі күтіліп отырған жоқ. Демек сауда кәсіпорындарының іскерлік белсенділігінің индексі ағымдағы жылғы тамыз айындағы деңгейінде тұрақтамақ.