Өнеркәсіп өндірісінің өсімі 1,8 пайызды құрады - Үкімет отырысы
АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат - Өнеркәсіп өндірісінің өсімі 1,8 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған Үкімет отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
«Өңдеу өнеркәсібіндегі өнім өндірісі 1,8 есе өсті. Кен өндіру өнеркәсібіндегі өнім шығарылымы 2,2 есеге ұлғайды»,- деді Е.Досаев.
Министрдің сөзіне қарағанда, тұтынушылық сұраныстың ұлғаюы экономика өсімінің маңызды факторы болды. Бөлшек тауар айналымының жыл басына бері 12,3 пайызға артуы соның айғағы іспеттес. Бұдан бөлек көлік қызметі 7 пайызға, байланыс қызметі 14,6 пайызға жоғарылады.
«Экономикалық өсімнің басты факторларының бірі - негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің ұлғаю үрдісінің қалыптасуы. Ол бірінші жартыжылдықта 7,9 пайызға өсті. Бұл ретте 2012 жылғы қаңтар-маусымда өсім 3,1 пайызды құраған болатын», - деді Ерболат Досаев.