Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі былтырғы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 11,5 пайызға ұлғайды
АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бірінші тоқсанда ауыл шаруашылығындағы өсім 2,4 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында биылғы жылғы бірінші тоқсанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қорытынды жасау кезінде Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, біріншіден, өнеркәсіп өндірісі саласында 2010 жылдың қаңтарынан бастап өсу қарқыны байқалған. Жалпы, өнеркәсіп өнімдерінің көлемі өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 11,5 пайызға ұлғайды. «Бірінші тоқсандағы ең үлкен өсу қарқынын, яғни 18,7 пайызды өңдеу өнеркәсібі көрсетті. Атап айтқанда, машина жасау өндірісінің көлемі 1,8 есе, химия өнеркәсібі 1,5 есе, мұнайды қайта өңдеу өндірісі 25 пайызға, азық-түлік өнімдері 11 пайызға, сондай-ақ металлургия өнеркәсібінің көлемі 10,5 пайызға өсті.
Ал тау-кен өндіру мен карьерлерді өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 7,8 пайызды құрады. Темір рудасын өндіру 27,6 пайызға, шикі мұнай 8,4 пайызға және табиғи газды өндіру 8,2 пайызға артты. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің өсімі республиканың барлық облыстарында байқалған.
«Бірінші тоқсанда ауыл шаруашылығының өсуі 2,4 пайызға жоғарылады», деп атап өтті Ж. Айтжанова. Министрдің айтуынша, жыл басынан бері құрылыс жұмыстары 8,7 пайызға азайды. Осы жылдың бірінші тоқсанында 1,4 млн. шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген.