Өнеркәсіп тақырыбы бойынша өткізілген шығармашылық байқаудың қорытындысы жарияланды

АЛМАТЫ. Ақпанның 22-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда өнеркәсіп тақырыбына қалам тартып жүрген қазақ тілді журналистер үшін өткізілген шығармашылық байқаудың қорытындысы жарияланды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш шара "Егемен Қазақстан" республикалық газеті мен Еуразиялық табиғат ресурстары корпорациясының ұйымдастыруымен өтті.

Шараның мақсаты - қазақ тілді журналистердің кәсібилігін арттыру, медиа салада жаңа экономикалық ойлауды қалыптастыру болып табылады.

Байқауға экономика тақырыбына қалам тербеп жүрген журналистер 2009 жылы аудандық, қалалық, облыстық, республикалық газеттерде жарияланған үздік жұмыстарын ұсынған. Қазылар алқасы шығармаларды өз тарапынан қатысушылардың кәсіби шеберлігі мен жарияланымдардың өзектілігіне қарай бағалаған.

Бірінші орын - 500 мың теңге көлеміндегі сыйлыққа "Егемен Қазақстан" газеті бас редакторының орынбасары Сейфолла Шайынғазы арнаулы жоба - екі жылдың ішінде отандық мерзімді басылымдағы терең мағыналы тақырыптық қосымшалардың біріне айналған арнаулы "Үкімет" беттерін дайындағаны үшін ие болды.

Мақалалардың өзектілігі мен шығармашылық ізденістері үшін әрқайсысы 300 мың теңге көлеміндегі екінші сыйлықпен республикалық "Жас қазақ" газетінің экономика және талдау бөлімінің редакторы Гүлзат Смағұлова және республикалық "Айқын" газетінің Астана қаласы бойынша меншікті тілшісі Айхан Шәріп марапатталды.

"Мұнайлы астана" газетінің бас редакторы Құттыгерей Смадияр, Ақмола облыстық "Арқа ажары" газетінің тілшісі Шынар Байтықова, "Қазақстан темір жолы" ҰК баспасөз қызметкері Ескендір Ертаев салалық бағыттағы әзірленімдеріндегі дәйектілігі үшін атап өтіліп, оларға ноутбуктер табысталды.

Өнеркәсіп тақырыбына деген қызығушылығы үшін арнаулы ақшалай сыйлықтарға Павлодар облыстық "Сарыарқа самалы" газетінің шолушысы Нұрбол Жайықбаев пен облыстық "Маңғыстау" газетінің шолушысы Әбдіғалым Сәркенов ие болды.

Ұйымдастырушылар мұндай шараны жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар