Өнеркәсіптегі қауіпсіздік талаптары бойынша заңға түзетулер енгізіледі - Смайылов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда өнеркәсіптегі қауіпсіздік талаптары қайта қаралады. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«АрселорМитталға қатысты айтатын болсақ, осы компания иелерінің әрекеттері мен әрекетсіздігіне құқықтық баға беріледі», - деді Әлихан Смайылов тілшілердің сұрақтарына жауап бере отырып.

Премьер-Министр Үкімет мұндай өндіріс орындарында өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылдауы керектігін айтты.

«Әсіресе, қауіпті өндірістерге қатысты жұмыстар жүргізіледі. Сондықтан біз қазір заңнамада тиісті жұмыстарды жетілдіру үшін қосымша нормалар дайындап жатырмыз. Осындай өндірістік қауіпті өндірістердің иелері мен басшыларының жауапкершілігі артады. Екінші жағынан, мемлекеттің бақылау жұмыстары күшейтіледі. Техникалық қайта жарақтандыруды жаңғыртуды қаржыландыру деңгейін мұндай компаниялардың жылдық жиынтық табысының кемінде 1 пайызы деңгейінде заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынылып отыр», - деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, өнеркәсіптегі қауіпсіздікке қойылатын барлық талаптар жаңа технологияларды ескере отырып қайта қаралатын болады.

«Осы орайда тиісті заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр», - деді Үкімет басшысы.

Бұл тұрғыда заңнамаға түзетулер биыл Парламент қарауына түссе, келесі жылы қабылданатыны айтылды.


Соңғы жаңалықтар