Өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) құрылмақ. Бұл туралы Мәжілісте «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасын таныстыру кезінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, заң жобасында «Өнеркәсіпті дамытудың базалық шарттары» атты екінші бөлім өнеркәсіптік саясатты іске асыру үшін институционалдық негізді және мемлекеттік ынталандыру шараларын реттейді. Институционалдық жағдайлар бірінші кезекте өнеркәсіптік саясатты қалыптастыру мен іске асыруды ведомствоаралық тиімді үйлестіруді қамтамасыз етуге негізделеді.

«Бүгінде өнеркәсіпке байланысты функциялар түрлі ведомстволар бойынша бөлінген. Өнеркәсіптік саясатты тиісті үйлестіруді қамтамасыз ету үшін негізгі заң жобасында Өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) құру көзделеді. Оны Премьер-Министрдің орынбасары басқарады. Ал оның мүшелері мемлекеттік органдар басшыларының орынбасарлары, өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, депутаттар және басқа да мүдделі тұлғалар болады», - деді вице-министр.

ВАК-қа келесі құзырет беріледі:

- Үкіметке ынталандырудың жаңа шараларын енгізу, қазіргілерін қайта қарау және күшін жою туралы ұсынымдар беру;

- Өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша Үкіметтің, оның ішінде келіссөздер жүргізудің халықаралық ұйымдардағы ұстанымын дайындау;

- Өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша мемлекеттік органдар арасындағы келіспеушіліктер бойынша шешімдер қабылдау;

- Өнеркәсіптік саясатты іске асыру туралы есеп тыңдау және басқалар.


Соңғы жаңалықтар