Өнеркәсіп саласы 2030 жылға дейін қайта пайдаланатын су үлесін 50 пайызға жеткізуі керек – Су министрі
АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов елімізде суды қайталап пайдаланудың деңгейін қандай жолмен арттыратынын айтты.

«Тағы бір маңызды мәселе – ел экономикасының секторларында су ресурстарын қайта пайдалану. Экономика салаларының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жыл сайынғы су тұтыну шамамен 25 текше шақырым. Оның 65%-ы (14,2 текше шақырымы) ауыл шаруашылығының қажеттіліктеріне, 25%-ы (5,9 текше шақырымы) өнеркәсіптің қажеттіліктеріне, ал 4,3%-ы (1,3 текше шақырымы) коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсалады», - деді ол.
Ведомство басшысының айтуына қарағанда, республиканың өнеркәсіп секторы жылына орта есеппен 5,9 текше шақырым таза су тұтынады. Өнеркәсіпті айналымдағы сумен жабдықтау көрсеткіштері жылына орта есеппен 9 текше шақырымға жетеді. Ал қайта сумен жабдықтау көлемі 1 текше шақырым көлемінде.
«Осылайша, өнеркәсіп орындары алатын 5,9 текше шақырым жалпы таза судың 17%-ын қайта пайдаланады және біз 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 50%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Нұржан Нұржігітов.