Өнімді аз беретін егістікті жайылымға айналдырудың тиімділігі жоғары - А. Прищепов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда өнімді аз беретін егістік жерлерді жайылымдық жерлерге айналдырудың тиімділігі өте жоғары. Бұл туралы бүгін Алматыда «Жібек жолы бойындағы ауыл шаруашылығы саласын жандандыру: Орталық Азия өңіріндегі құрылымдық өзгерістер, ресурстар және сауда» тақырыбында өтіп жатқан халықаралық ғылыми конференция-симпозиум барысында Копенгаген университетінің профессоры, Германиядағы Өтпелі экономикалы елдердегі аграрлық даму Лейбниц институтының аға ғылыми қызметкері Александр Прищепов мәлім етті.

Өнімді аз беретін егістікті жайылымға айналдырудың тиімділігі жоғары - А. Прищепов

Оның айтуынша, гактарына 2-3 центнер өнім беретін жерлерді қайта-қайта жыртып, егін егу - көп шығын келтіреді әрі жерге зиянын тигізеді.

«Қазақстан о баста мал шаруашылығы кеңінен дамыған ел болып келді. Қазір де осы саланы дамытуға Қазақстанның әлеуеті жетеді. Бұл үшін әр түрлі экономикалық себептермен қараусыз қалған, онсыз да өнімділігі аз егістік жерлерді жайылымдық жерлерге айналдыруға болады. Бүгінде Ресей, Қазақстан және Украинада 60-70 млн гектар егістік жер қараусыз жатыр. Солардың ішінде 50 млн астам гектар жер Ресейге тиесілі болса, 10 млн гектардай жер Қазақстандікі. Әрине, оларды біртіндеп, ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізу шаралары жүргізіліп жатыр. Бірақ, сол 10 млн гектар жердің тек 1-2 млн гектарын ғана қайтадан егістікке пайдалануға болады. Қалғандары тиімсіз. Оларды жайылымға айналдырса құба-құп болар еді. Бұл үшін әрине арнайы мемлекеттік бағдарлама қажет», - деді А. Прищепов.     

Сонымен қатар, ол бүгінгі таңда ауыл шаруашылығын дамытуға жерсеріктік мониторинг жүйесін енгізудің маңызды рөл атқаратындығын жеткізді.  

«Бұдан бары-жоғы 10 жыл бұрын бұл жүйені ауыл шаруашылығына пайдалану туралы айтудың өзі орынсыздау еді. Ғарыштық ғылыми суреттердің өзі қымбат болатын. Ал қазір оларды тегін алуға болады. Енді болашақта ауыл шаруашылығын дамыту, егістік жерлердің өнімділігін арттыру спутниктік мониторинг жүйесімен тығыз байланысты болады», - деді А. Прищепов.