«Өнімділік-2020» бағдарламасы бойынша 3 инвестициялық жоба мақұлданды
АСТАНА. 1 мамыр. ҚазАқпарат - 2012 жылдың І тоқсанында«Өнімділік-2020» бағдарламасы бойынша 3 инвестициялық жоба мақұлданды,
деп хабарлады «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ Pm.kz сайтына.
«2012 жылдың І тоқсанында «Өнімділік-2020» бағдарламасы бойынша 3 инвестициялық жоба мақұлданды. Олар: «Трансформаторларды шығару жөніндегі өндірістік қуаттарды жаңғырту және кеңейту» инвестициялық жобасы («Кентау трансформатор зауыты» ЖШС-і) (машина жасау), «Шымкентмай» АҚ-ы жұмыс істеп тұрған май комбинатын жаңғырту» (агроөнеркәсіптік кешен) жобасы және «Астана - жаңа қала» АЭА индустриялық паркінде жиһаз фабрикасын құру» («Астана - Жиһаз фабрикасы»ЖШС-і) (ағаш өңдеу өнеркәсібі) жобасы»,-делінген хабарламада.
Бағдарламаны күшейту үшін «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ 100 өнеркәсіптік кәсіпорынды қамтуды, оның ішінде оларға консультациялық қызметтерді көрсетуде, кешенді жоспар жасауда, әлеуетті қатысушылармен меморандумдарға қол қоюда көмек көрсетуді жоспарлап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылы 27 инвестициялық жоба «Өнімділік-2020» бағдарламасына қатысуға жіберілді.