«Өнімділік - 2020» бағдарламасына 171 кәсіпорын қатысуға ниет білдірді

АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Өнімділік -2020» бағдарламасына қатысуға 171 кәсіпорын ниет білдірген. Бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте ҚР Вице-премьері-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев осылай мәлім етті.

«Өнімділік - 2020» бағдарламасына 171 кәсіпорын қатысуға ниет білдірді

Министрдің айтуынша, ағымдағы жылдан бастап жүзеге аса бастаған бағдарлама жаңа өндірістерді құру мен жаңғыртуды көздейді. Өз дамуы үшін әлеуетке ие болғысы келетіндерге қолдау шаралары да бұл бағдарлама шеңберінде көзделеді. «Бағдарламада бірқатар маңызды тетіктер қарастырылған. Атап айтқанда жаңғырту жоспарын әзірлеуге жәрдемдесу, заманауи басқарушылық технологияларын енгізу, заманауи қондырғыны жеткізу бойынша ұзақ мерзімді лизинг қарастыру, қажетті жоғары білікті кадрларды тартуға кеткен шығындарды өтеу, инновациялық грант және басқалары. Осындай шаралардың нәтижесінде заманауи экономикалық ойға жүйрік, өнімділіктің жоғары деңгейіне ие, нарықтағы кез-келген өзгерістерге шапшаң бейімделетін кәсіпорындар тобы құрылатын болады. Қазірдің өзінде еліміздің 171 кәсіпорны соған қатысқысы келеді», - дейді Ә. Исекешев.

Оның айтуынша, 2011 пилоттық жылы бағдарлама аясында 50 жобаға 19 млрд. теңгенің тетіктік қолдауын жасау көзделген.