«Өнімділік-2020» бағдарламасына еліміздің 113 компаниясы қызығушылық танытып отыр
АСТАНА. 20 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Өнімділік-2020» бағдарламасына еліміздің 113 компаниясы қызығушылық танытып отыр.
Бұл туралы бүгін BNews.kz интернет порталында өткен онлайн-сұхбат барысында Индустрия және жаңа технологиялар институты жанындағы «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ президенті Мейрам Қажыкен мәлім етті.
«Былтырғы жылды қорытындылағанда біз 2011 жылы еліміздің шамамен 300-ге тарта компаниясы бағдарламаға қызығушылық танытады деп болжағанбыз. Қазіргі уақытта олардың саны 113-ке жетті. Соған қарағанда, жыл аяғына дейін болжамның дұрыстығы дәлелденетін болады», - дейді М. Қажыкен.
Ал компания басшысының айтуынша, жыл соңына дейін 50-ге тарта компания нақты бағдарламамен қамтылуы мүмкін. Бюджетте бұл бағыттағы қаражаттар нақтыланған.