Өңір дамуына зор үлес қосып жүрген қызылордалықтар марапатталды
АСТАНА. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеше Н.Бекежанов атындағы Қызылорда музыкалық-драма театрында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған мерекелік жиын өтті. Салтанатты шараны аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев ашты.
Құттықтау сөзінде облыс әкімі тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің жетістіктері мен Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуындағы президенттің үлесін тілге тиек етті. Одан соң өңір дамуына ерекше үлес қосып жүрген азаматтар, атап айтқанда, белгілі жыршы Алмасбек Алматов, «Автомобиль жолдары басқармасы» ЖШС директоры Мұрат Үдербаев, «ҚазГерМұнай» БК ЖШС бас директоры Медет Кәрім, «Ынтымақ» ЖШС директоры Рахым Құтыбаев, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Шайхислам Ноғаев, Қызылорда облыстық Азаматтық Альянсы қауымдастығының төрайымы Дариха Ақмағамбетова және тағы басқалар лайықты марапаттарға ие болды. Аймақ басшысы қызылордалық азаматтарға мемлекеттік және қоғамдық істерге белсене араласқаны, еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына, достықты нығайтуға, халықаралық ынтымақтастықты арттыру қосқан үлестері үшін Елбасы Жарлығымен мемлекеттік наградаларды табыстады. Олардың қатарында ең жоғарғы награда - «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын иеленген «Абзал и К» толық серіктестігінің директоры Абзал Ералиев бар. Қырымбек Көшербаев өзінің құттықтау сөзінде оның еліміз бен аймағымыздың әлеуметтік-гуманитарлық дамуына зор үлес қосып келе жатқанын ерекше атап өтті. Биыл «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына лайық деп танылған үш азаматтың екеуі қызылордалық екені қуантады. Олар - кәсіпкерлік саласында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан Абзал Ералиев пен отандық медицина тарихында тұңғыш рет жүрек ауыстыру отасын жасаған «Ұлттық кардиохирургия орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Юрий Пя.
Салтанатты шараға облыс аудандары мен орталығынан барлығы мыңға жуық адам қатысты. Кеш жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты, деп жазады kyzylorda-news.kz.