Өңірде негізгі өзекті мәселенің бірі жол болып отыр - БҚО әкімі
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында негізгі өзекті мәселенің бірі жол болып отыр. Бұл туралы бүгін Оқушылар және жастар сарайында халық алдындағы есептік кездесуінде облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес атқарылған жұмыстар мен алда тұрған басты мақсат-міндеттерге тоқталған облыс басшысының айтуынша, Батыс Қазақстан жол жөнінен еліміз бойынша ең артта қалған өңір болып саналады. Бұл бағытта соңғы жылдары жол құрылысына айрықша көңіл бөлініп келеді. 2014 жылы облыста 160 км жол ретке келтірілсе, 2016 жылы ол 290 шақырымға жетті. Ал өткен жылы 500 км жол жөндеу қолға алынып, соның 420 шақырымында аяқталды. Мұндай жұмыстар облыстың тоғыз ауданында жүргізілді. Облыс орталығынан шалғай орналасқандықтан ғана, Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандары әзірге бұдан тыс қалды. Биыл бұл аудандарда да жолдар жөнделетін болады.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Орал-Тасқала-РФ шекарасы күре жолының 70 шақырымы пайдалануға берілсе, биыл бұл жоба толықтай аяқталады. Сондай-ақ облыстық маңызы бар 128,5 шақырым жол ретке келтірілді. Облыс орталығы Орал қаласында өткен жылы 67 көшенің жолы жөнделіп, соның 61-інде жұмыс мәреге жетті. Егер 2016 жылы Оралда жол құрылысына 2,4 млрд теңге бөлінсе, өткен жылы 8,1 млрд теңгеге жетті. Депо көпірі құрылысына бөлінген қаржыны қосқанда, 10 млрд теңгеден асты.
«Облыс жолдарын жақсарту мақсатында бұдан былай да жұмыс жасайтын боламыз», деді облыс әкімі.