Өңірде су тасқыны қаупі әлі де бар - Ермек Маржықпаев

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында су тасқыны қаупі әлі де сейілген жоқ. Осыған байланысты ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекенов пен облыс әкімі Ермек Маржықпаев қауіпті аумақтарды әуеден бақылап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұшу бағыты Зеренді, Сандықтау, Атбасар, Астрахан, Бұланды және Бурабай аудандарын қамтыды. Осылайша, неғұрлым осал учаскелердегі су тасқыны қаупі бақыланды.

«Өңірде су тасқынының қаупі әлі де бар. Әуеден бақылау кезінде байқанымыздай, орман ішіндегі және су қоймаларындағы қар мен мұз әлі ери қойған жоқ. Бұл ағын су Шағалалы су қоймасына құйылып, Жабай өзенінің аңғарын лезде толтыруы мүмкін. Сол себепті, жергілікті атқарушы органдар мен Төтенше жағдайлар департаментінің күштері бірлесіп, өңірдегі барлық су қоймаларындағы судың деңгейін тәулік бойы бақылауы тиіс», - деді Ермек Маржықпаев.

Аймақ басшысы Атбасардағы №1 орта мектептің қауіпті аймақта орналасқанына тоқталды. Мектепті ағын судан толық қорғау үшін іргетасы бетоннан құйылған тас қоршау бар. Осы қоршаудың бүтіндігі мен теміржол өткелінің астындағы құбырлардың ағын суды өткізу мүмкіндігі бақылауда ұсталуы керек екенін айтты.

Айта кетсек, облыста су тасқынының алдын алу мақсатында 14 аудандағы 53 елді мекенде қар тазалау, су сору, мұз жару, су арналары мен өзен аңғарларын тазалау сияқты іс-шаралар қолға алынды.

Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрі Аршалы және Целиноград аудандарын бақылап шыққан болатын.



Соңғы жаңалықтар