Өңірде туберкулез дертіне шалдыққандар жыл сайын азайып келеді - БҚО

ОРАЛ. 21 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында өткен жылы 536 адам әлеуметтік кесел саналатын туберкулез дертіне шалдықты, бұл алдыңғы жылғыдан 10,1 пайызға аз.

Өңірде туберкулез дертіне шалдыққандар жыл сайын азайып келеді - БҚО

Облыстық статистика департаментінен түскен мәліметке қарағанда, жалпы, бұл көрсеткіш жыл сайын төмендеп келеді. Мәселен, 2006 жылы 1011 адам өкпе дертімен ауырса, 2007 жылы - 946, 2008 жылы - 833, 2009 жылы 596 адам туберкулезбен сырқаттанған болатын.

2010 жылы көбірек таралған өзге жұқпалы дерттерден 61171 жоғары тыныс жолдары жіті жұқпасы, 1059 өткір ішек ауруы, 380 педикулез тіркелді. Сондай-ақ 61 адам сарып дертіне шалдықты. 2009 жылмен салыстырғанда өткір вирусты гепатит 69,2, ротавирусты энтерит 5,2, эхинококкоз 14,6, сарып (бруцеллез) 32,6 пайызға көбейіп кетіп отыр.