Өңірдегі инспекция басшысының парамен ұсталуы - Бәсекелестікті қорғау агенттігіне жағылған «қара күйе»
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қызылорда облысы бойынша бәсекелестікті қорғау инспекциясы басшысының пара алғаны үшін қамауға алынуы ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің беделіне «қара күйе» жақты. Бүгін Астанада өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде осы ведомствоның басшысы Ғалым Оразбақов осылай айтты.
«Қызылорда облысы бойынша бәсекелестікті қорғау инспекциясы басшысының өзінің кабинетінде пара алғаны үшін ұсталуы фактісін өкінішпен айтып отырмын. Бұл факті әрине, барша агенттікке «күйе» жағып отыр», - деді Ғ. Оразбақов. Осы орайда агенттік басшысы қызметкерлеріне ведомствода жемқорлыққа жол берілмеуі керектігін қадап айтты. «Ымырасыз күрес жүргізіледі және жемқорлыққа қатысы барлардың барлығы жауапқа тартылады», - деді ол. Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылғы 16 қаңтарда өткізілген арнайы жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Қызылорда облысы бойынша Қаржы полициясы департаменті облыстық Монополияға қарсы инспекциясының басшысы А.Аймырзаевқа қатысты пара алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады, Оған 2014 жылғы 15 және 16 қаңтар күні «Қызылорда тазалығы» ЖШС директорынан мемлекеттік сатып алу бойынша келісімшарттың мерзімін ұзартуды келісу үшін 2 мың АҚШ доллары және 295 мың теңге көлемінде пара алды деген айыпталуда.