Өңірлер арасындағы әуе байланысының нашарлығы туризмге кері әсер етеді - министрлік
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ел ішіндегі әуе байланысы нашар. Тиісінше, бұл туризімді дамытуға кедергі келтіреді. «Ашық» НҚА порталында жарияланған Туристік саланы дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында осылай жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«COVID-19 пандемиясына дейін Қазақстанның барлық өңірінен Астана және Алматы сияқты ірі қалаларға ұшу географиясы жолға қойылды. Дегенмен Қазақстанның қалған өңірлері арасында байланыс нашар, бұл жалпы ішкі туризмді дамытуға кедергі келтіреді. Мысалы, Батыс Қазақстаннан келген туристерге қысқа уақыт ішінде Шығыс Қазақстанға, ал Солтүстіктен Оңтүстік Қазақстанға әуе көлігімен бару өте қиын. COVID-19 пандемиясына дейін елдегі әуежайлардың жүктемесі шамамен 20% құрады», - делінген тұжырымдамада.
Сонымен қоса, құжатта ұшақ билеті құнының қымбат екендігі айтылған. Оның шешімі ретінде авмиакомпаниялар мен туристрік операторларға қолдау шараларын күшейту ұсынылады. Мәдениет министрлігінің дерегінше, бұл бағыттағы жұмыстар 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асады.
«Қазақстан Республикасы авиакомпанияларының билеттеріне бағалар түпкі тұтынушылар үшін де жоғары болып отыр. Сұраныс пен пайдаланушы туралы деректерге сүйене отырып, баға белгілеудің нарықтық тетіктері негізінде қалыптастырылады. Яғни, динамикалық баға белгілеу пайдаланылады. Бұл ретте бағалар сұранысқа, авиабилетті сатып алудың алдын ала жүргізілуіне, рейсті орындау аптасының күніне, рейстің ұшу уақытына және тағы да басқа байланысты ұсталуы, көтерілуі және төмендеуі мүмкін.Туристік дестинациялардың теміржолдық құрамдас бөлігі де жіті назар аударуды талап етеді», - деп мәселелер көрсетілген құжатта.
Тұжырымдама 3 наурызға дейін көпшілік талқылауда болады.