Өңірлер бөлінген бюджеттің 520 млрд теңгесін игермеген - Үкімет отырысы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жергілікті бюджеттің шығыстарына қарастырылған 8,1 трлн теңгенің 520 млрд теңгесі атқарылмаған. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Жергілікті бюджеттердің шығысы 8,1 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 520 млрд теңге. Ағымдағы жылы өңірлерге 3,3 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 қарашаға 2,6 трлн теңге бөлінді. Оның 94,1% игерілді.

Атқарылмағаны – 150 млрд теңге, оның ішінде 16 млрд теңге – үнемдеу, 134 млрд теңге - игерілмеген.

Ең көп игерілмеу келесі өңірлерде: Астана қаласы, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында қалыптасты», - деді министр.

Игерілмеудің негізгі себептері: жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шотты кеш ұсыну.

«Соңғы уақытта мемлекеттік мекемелердің бюджетті атқару бойынша қаржылық құжаттарды айдың соңғы жұмыс күнінде ұсынуы байқалады.

Техникалық себептерге байланысты оларды аумақтық қазынашылық органдары уақтылы өңдеп үлгермеу тәуекелі жоғары.

Сондықтан орталық және жергілікті мемлекеттік органдар қаржы құжаттарын аумақтық қазынашылық органдарына біркелкі ұсыну бойынша жұмыс жүргізуі және төлемдерді айдың соңғы күніне қалдырмауы қажет», - деді Ерұлан Жамаубаев.


Фото: t.me/Kzgovernment




Соңғы жаңалықтар