Өңірлерде бәсекелестік көрсеткішін әзірлеп, оны даму бағдарламаларына енгізу қажет - С. Әйімбетов
Бүгін Парламент Мәжілісінде Бәсекелестікті қорғау агенттігі қызметінің негізгі бағыттары тақырыбында өткен Үкімет сағатында Экономикалық даму және өңірлік даму комитетінің төрағасы, депутат Сейітсұлтан Әйімбетов осылай мәлім етті.
«Біздің ойымызша маңызды мәселелердің бірі жергілікті бәсекелестікті дамыту. 2012 жылғы жолдауда Президент «Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуы - еліміздің негізгі бағыттарының бірі болып табылады» деп атап көрсетті. Бұны ойдағыдай іске асыру үшін қолайлы бәсекелестік ортаны қалыптастыру аса қажет. Әсіресе, бұл өңірлерде бәсекелестікті дамыту жолындағы өзекті мәселе болып табылады. Сондықтан да, осы бағытта жергілікті атқарушы органдар өңірлер ерекшеліктерін ескере отырып, олардың даму бағдарламаларында нақты пәрменді шаралар қарастыруы тиіс»,- дейді комитет төрағасы. Оның айтуынша, әкімшіліктер бизнес жүргізуге кедергі келтіретін нормативтік құқықтық актілерді азайтуды, кәсіпкерлікті дамыту үшін жәрдем көрсетуді жалғастырулары қажет.
«Осыған байланысты өңірлердегі бәсекелестік көрсеткішін әзірлеп, оны даму бағдарламаларына енгізетін уақыт жетті деп санаймыз. Біздің пікірімізше, маңызды салаларда индекстер қаралып, олар елді мекендерді дамыту бағдарламаларында бәсекелестікті дамыту проблемаларын айқындауға, ұлттық индикаторларды көрсете, нақты ескере отырып, тиісті міндеттер мен іс-шараларды көрсетуге, өңірлердің күшті және әлсіз тұстарын, бәсекеге қабілеттілігін анықтауға мұрсат бермек», - деді С. Әйімбетов.