Өңірлерде бизнес жүргізуді 15 000 адам үйренді - ҰЭМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуын 15 000 адам сәтті аяқтады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлерде бизнес жүргізуді 15 000 адам үйренді - ҰЭМ

«Ауылдардың көп бөлігін кәсіпкерлік іске тарту және ағымдағы жылда оларды нәтижелі жұмыспен қамту мақсатында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бизнесті жүргізу негізін ұзақ мерзімде оқыту бағдарламасы басталды. Жобамен республиканың 14 облысындағы 80 аудан қамтылды», - деп атап өтті министр.

Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 6 оқу кезеңі жүргізілді, жобаға қатысуға барлығы 21 000-нан астам өтініш түсті. Оқуды 15 000 адам сәтті аяқтады, оның ішінде оқығандардың жалпы санынан жұмыссыздар - 57 пайызды, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 43 пайызды құрады. Ауылдық жерлерде ең белсенділер 30-дан 49 жасқа дейінгілер арасында болды.

Оқудың нәтижелі факторының бірі - ол бизнес идеяны әзірлеу және оны бизнес жоба ретінде қаржылық даму институттарында қаржыландыруға дайын болатындай рәсімдеу. Оқуды аяқтағандардың ішінде бизнес жоспарды 8 200 аса адам дайындады, оның ішінде 3 314 бизнес жоба қаржыландырылды.

«Бастау Бизнес» жобасы ауылдық мекендерде жүзеге асатынын ескере отырып, бизнес жоспарлардың қаржыландырылуы елді мекендерге бөлінген микрокредит қаражаты арқылы іске асады.

«Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің әзірленген бизнес жоспарлары экономика саласында ауылға тән кәсіпкерлік бастаманы жүзеге асыруды көздейді. Осы орайда мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы барлық жобалардың 80 пайызын құрайды. Қалған 20 пайызы экономиканың басқа салаларындағы жобаларға тиесілі», - деді Т. Сүлейменов.