Өңірлерде болған жарылыстарға байланысты Астана қаласының жол полициясы күшейтілген жұмыс режіміне көшірілді

АСТАНА. 14 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Атырау мен Тараз қалаларында болған лаңкестік оқиғаларға байланысты Астана қаласының жол полициясы күшейтілген жұмыс режіміне көшірілді. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында елордалық Жол полициясы басқармасы ұйымдастыру-талдау және алдын алу жұмыстары бөлімінің бастығы Марат Тұяқбаев мәлім етті.
None
None

«Қазіргі уақытта жол полициясының жеке құрамы күшейтілген жұмыс режіміне көшірілді. Барлық «Рубеж» бақылау бекеттері күшейтілді. Яғни, жеке және қоғамдық қауіпсіздіктің барлық шаралары қолға алынды», - деді ол.

М.Тұяқбаев атап көрсеткендей, ату және жару құралдарын анықтау мақсатында қалаға кіреберіс жолдардағы барлық 6 бақылау бекетінде көліктер жіті тексерілуде. Бұл мақсатқа жол полициясы қызметкерлеріне көмекке жедел әрекет ету жасағы, кинологтар мен көші-қон полициясы қосымша жұмылдырылды.

Қала ішіндегі көлік құралдарын тексеру ұдайы жүргізілгенімен, бұдан былай егер автокөліктің иесі не жолаушылары полиция қызметкерінде күдік тудыратын болса, олар қауіпсіздік мақсатында жіті тексеруге алынатын болады. «Барлық автокөліктер тексеруге жатады, соның ішінде «жоғарыдан» хабарланған машиналарға ерекше назар аударылатын болады», - деді УДП өкілі.

М.Тұяқбаевтың айтуынша, күшейтілген тәртіп ҚР Ішкі істер министрлігінен арнайы бұйрық түскенше жалғасатын болады.

Соңғы жаңалықтар