Өңірлердегі қолжетімді баспана құрылыстары жоспарға сай салынып, уақытылы тапсырылады

Кездесу барысында Қарағанды қаласында «Жанұя» тұрғын үй кешенін салып жатқан «ККК-Инжиниринг» ЖШС директоры Александр Кику инженерлік желілерді тарту барысындағы проблемаларды тілге тиек етті. Бірақ туындаған қиындықтарға қарамастан, компания тұрғын үй кешенінің бірінші кезегін белгіленген мерзімде (2015 жылғы желтоқсан) пайдалануға берген. Тұрғын үй кешенін салу кезінде Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму және моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында құрылған «ККК Бетон» ЖШС темірбетон өнімдерін шығаратын зауыттың өнімдері пайдаланылған.
Шығыс Қазақстан облысында да тұрғын үйлер салынып, пайдалануға берілуде. Жылжымайтын мүлік қоры бас мердігер «ВК Техногрупп» ЖШС-мен бірлесіп, Өскемен қаласында Ілияс Есенберлин даңғылында көп пәтерлі тұрғын үйлер тұрғызуда. Бүгінгі таңда тоғыз үйдің жетеуі пайдалануға беріліп үлгерді. Пәтерлердің жалпы ауданы 25 000 шаршы метрден астам, пәтерлер саны 431. Қалған үйлерді пайдалануға беру 2016 жылдың аяғына көзделген.Кездесуде Атырау, Қызылорда, Шымкент және Астана қалаларында қолжетімді баспана салу мәселелері қаралды.
«Жылжымайтын мүлік қоры қаржыландыратын бағдарламалар қолжетімді баспана салуға мүмкіндік беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізіп, құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындарға тапсырысты қамтамасыз етеді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидатымен бірлескен жобаларды іске асыра отырып, Жылжымайтын мүлік қоры тұрғын үй құрылысы саласына шамамен 18 млрд. теңге жеке инвестиция тартты. Осының арқасында 4 000-нан астам жаңа жұмыс орындарыы ашылды», - делінген баспасөз баянында.
Кездесу барысында құрылыс салушы компаниялардың басшылары өз міндеттемелерін мерзімінде орындауға дайын екендіктерін жеткізді.