Өңірлердегі жедел жәрдем қызметіне көңіліңіз тола ма

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісіндегі жалпы отырыста депутат Нұртай Сабильянов жедел жәрдем қызметінің жағдайы бойынша мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлердегі жедел жәрдем қызметіне көңіліңіз тола ма

«Депутаттық сауал өңірлерде жедел медициналық көмек автокөліктерін жаңарту мәселесіне байланысты болып отыр. Бұл тақырып сайлаушылар тарапынан жиі көтерілуде. Жалпы, жедел жәрдем автокөліктері облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюжеттерінің қаражатына сатып алынады. Алайда жергілікті бюджеттерде қаражаттың жеткіліксіз болуына байланысты жаңа көліктерді алу баяу қарқынмен жүргізілуде. Қазіргі уақытта өңірлерде 2 124 жедел жәрдем автокөліктері пайдаланылуда. Олардың ішінде 771-і немесе 36 пайызы ескі көліктер. Соның ішінде 2000 жылға дейін шығарылған 26 автокөлік бар екен. Ал 2000-2010 жылдар аралығында шығарылған 745 машина бар»,-деп тоқталды Сабильянов ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған депутаттық сауалында.

Оның сөзіне қарағанда, кейбір өңірлерде ұзақ қолданыстағы жедел медициналық автокөліктердің саны 50 пайыздан асады. Мысалы, Қостанай, Ақмола, Жамбыл облыстарында 50 пайыздан асса, Маңғыстау облысында 46 пайыз және Ақтөбе облысында 37 пайыз деңгейінде ескі көліктер пайдаланылуда.

«Бұл мәселе денсаулығына қауіп төнген кезде шұғыл медициналық көмек алуды, тез және бөгетсіз тасымалдауды қажет ететін алыстағы елді мекендердің тұрғындарына қиындық туғызады. Сонымен қатар тегін медициналық көмектің кепілді көлеміне кіретін жедел медициналық көмекті азаматтарға сапалы көрсету жақсы жабдықталған жедел жәрдем автокөліктеріне де байланысты. Жалпы бұл мәселені шешу үшін 5 млрд. теңгеге тарта қаражат қажет. Айта кетейін, 2016 жылы республикалық бюджеттен көлік құралдарын сатып алу үшін 81 млрд. теңге жұмсалған екен. Осыған орай Сізден тиісті медициналық құралдармен жабдықталған жаңа сапалы медициналық көліктерді сатып алу үшін облыстық, Астана мен Алматы қалаларының бюджеттеріне нысаналы трансферт ретінде қосымша қаражатты бөлу мәселесін қарастыруды сұраймын»,-деді Нұртай Сабильянов.