Өңірлердегі «Жол картасы» бойынша атқарылған жұмыстар мен салынған нысандардың сапасы сын көтермейді - Н. Сабильянов
АСТАНА. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - өңірлердегі «Жол картасы» бойынша атқарылған жұмыстар мен салынған нысандардың сапасы сын көтермейді. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне, Бас прокурорға, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының атына жолдаған сауалында депутат Нұртай Сабильянов осылай мәлім етті.
«Халықты жұмыспен қамту стратегиясын жүзеге асыру бойынша екі жыл қатарынан «Жол картасы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама бойынша әлеуметтік нысандар салу, күрделі жөндеулер жүргізумен қатар жас мамандарды даярлап, олардың еңбекке араласуына қолдау шаралары жүргізіліп келеді. Жаңа жұмыс орындары да ашылып жатыр. Алайда, өңірлерде осы «Жол картасы» аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысу барысында көптеген кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, «Жол картасы» бойынша атқарылған жұмыстар мен салынған нысандардың сапасы сын көтермейді», деді депутат.
Оның айтуынша, нысанды салып жатқан мердігерлердің жұмысшылармен еңбек шартын жасау мәселесінде де келеңсіздіктер кездесіп отыр. Сонымен бірге, қытайдың арзан материалдарын құрылысқа пайдалану салдарынан қолдануға берілген нысандардың сапасы төмендеп кеткен. «Дегенмен, әлгіндей арзан материалдарды пайдалана отырып, нысандардың салыну құнын шарықтатып жіберген жәйттар да орын алып отыр. Мәселен, Аягөз ауданындағы бір ауылда 1 шақырым су құбырын қайта жөндеу үшін 33 млн. теңге бөлініпті», деді депутат.