Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 350 мың шаршы метрге жуық баспана пайдалануға берілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында 344 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы Болат Палымбетов мәлім етті.
«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында жеке компаниялармен серіктестік орнатып, шамамен 585 мың шаршы метр тұрғын үй (10 255 пәтер) құрылысын жүргізуде, соның ішінде 472 мың шаршы метр (8 286 пәтер) «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорына тиесілі», - деп тоқталды ол.
Б. Палымбетовтың сөзіне қарағанда, бүгінде ауданы 344 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді, оның 267 мың шаршы метрі немесе 5 063 пәтер Жылжымайтын мүлік қорына тиесілі.
Сонымен қатар ол қор жергілікті құрылыс компанияларымен тығыз ынтымақтастықта тұрғын үйлер салып, өңірлерді дамытуға белсенді қатысып отырғандығын айта келе, аталған бағдарламаны жүзеге асыру аясында Жылжымайтын мүлік қоры еліміздің 11 өңіріндегі құрылыстар төрт мыңнан астам жұмыс орындарын ашқанын жеткізді.