Өңірлердің аумақтық жоспарлануын жетілдіру үшін Қазақстан аумағын ұйымдастырудың бас схемасы әзірленеді - С. Нокин
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин айтты.
Оның айтуынша, бас схема ел аумағының перспективалық стратегиялық мәселелерін қарастырады және ұйымдастырады, адамның мекендейтін әрі тіршілік ететін қолайлы ортасын жасау мақсатында елді мекендер мен қонысаралық аумақтарды тұрақты дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған шараларды айқындайды. Мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының негізгі мақсаты - тиісті қала құрылысы аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс құжаттамасын басқарудың автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жасақтау. «Біздің ойымызша, сәулет, қала құрылысы және құрылыс құжаттамасын басқарудың бірыңғай мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құрмай қазіргі заманда саланы дамыту мүмкін емес», деді С. Нокин.