Өңірлерге арзандатылған дизель отыны жөнелтіле бастады - Ербол Қарашөкеев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі әлемдік азық-түлік нарықтарында баға құбылмалы болып тұрған шақта Үкімет агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі дағдарысқа қарсы бірқатар жүйелі және жедел шараларды қабылдады. Бүгінгі күні басым міндеттердің бірі - егіс науқанын уақтылы және сапалы жүргізу. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлермен бірлесіп ауыл шаруашылығы техникасының, тұқым мен тыңайтқыштардың дайындығын қайта тексеруді аяқтады. Қазіргі таңда техника дайындығы 98 пайызды құраса, көктемгі дала жұмыстары жаппай жүргізіле бастаған уақытта 100 пайызға жетеді», - деді Е. Қарашөкеев.

Оның айтуынша, өңірлерге арзандатылған дизель отыны жөнелтіле бастады. Жалпы, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге нарықтық құнынан 12-15%-ға төмен бағамен 400,2 мың тонна бөлінді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 20 мың тоннаға артық.

«Отандық тауар өндірушілер тұқым материалымен қамтамасыз етілді. 2,3 млн тонна тұқым немесе жоспардың 100 пайызы қамтылды. Сұрып жаңарту мақсатында Ресей Федерациясынан тұқым материалын жеткізу мәселесі пысықталды, келіссөздер жүргізіліп, тұқымдарды шығаруға салынған шектеулер алынып тасталды. Минералды тыңайтқыштарға келсек, Үкімет қолдауының арқасында диқандардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында отандық минералды тыңайтқыштарды өндірушілермен уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл ретте аммиак селитрасының бағасы 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендетілді», - деді министр.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында өңірлерге шығу барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына келіп түскен азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдардың қарау нәтижелері талқыланып жатыр. Депутаттардың өңірлерге сапарлары барысында көтерілген екі мыңға жуық сұрақ Үкімет тарапынан жан-жақты сарапталып, қаралды.



Соңғы жаңалықтар