Өңірлік аттестаттау комиссиялары 11 мыңға жуық қызметкерді міндетті емтиханнан өткізді - ІІМ
АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Биылғы 10 қыркүйекке дейін өңірлік аттестаттау комиссиялары 10 776 қызметкерді аттестаттады.
Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Кадр жұмысы департаменті бастығының орынбасары Болат Ішкібаев мәлім етті.
«Қазіргі уақытта еліміздің барлық аумақтарында өңірлік аттестаттау комиссиялары қалған басқа санаттағы қызметкерлерді кезектен тыс аттестаттаудан өткізуде»,-деді ол.
«Биылғы 10 қыркүйекке дейін өңірлік аттестаттау комиссиялары 10 776 қызметкерді аттестаттады, оның 9 268-і (86 пайызы) лауазымдарына лайықты екендіктерін көрсетті. 1508 қызметкер лауазымдарына лайықсыз деп танылды, оның ішінде 473-і қызметінен төмендетілуге, 578-і басқа қызметке ауыстырылуға, ал 457 қызметкер ішкі істер органдарынан босатылуға ұсынылды»,-деді Б. Ішкібаев.
Айта кетейік, аттестация Жоғары аттестаттау, Орталық аттестаттау және Өңірлік аттестаттау санаттары бойынша жүргізіледі.