Өңірлік БАҚ форумы: Өңірлік газеттер жекеменшікке өте ме

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада өтіп жатқан Өңірлік БАҚ форумында еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жергілікті газеттерге қатысты министрлік ұстанымын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік БАҚ форумы: Өңірлік газеттер жекеменшікке өте ме

«Бұл мәселе бойынша дүйсенбі күні кешкі сағат 6-ға таман облыс әкімдерінің орынбасарларымен бірге жиналыс өткіземіз. Онда осы сұрақты талқылаймыз. Қазіргі таңда екі немесе үш жолы бар. Бір жолы газеттердің барлығы жекеменшік болады», - деді министр форум барысында «Жетісу» газеті тілшісінің өңірлік газеттердің алдағы уақыттағы тағдырына қатысты сұрағына орай.

Оның пайымынша, жергілікті газеттер заманға, заңдылыққа сай болуы үшін жекеменшік болулары қажет.

«Екінші жолы «Казправда» мен «Егеменге» қазақ және орыс тілді газеттерді қоссақ. Сол кезде ғана бұл газеттер жекеменшік болмайды. Бұл бағыттардың барлығын біз қарастырып жатырмыз. Облыстық әкімдіктердің көзқарасын білеміз. Сондықтан бұл мәселені біз Үкімет деңгейінде шешсек. Жалпы, өзім бұл газеттердің бәрін бір ұжымға әкелу мақсатым жоқ, министрлікте де ондай мақсат жоқ. Оны сіздер түсінулеріңіз керек. Жиналыста мен облыс әкімдерінің орынбасарларына ұсынып көремін. Олар қолдаса оны Үкімет басшысына ұсынар едім. 1-2 күннің ішінде шешілетін мәселе ғой, күте тұрыңыздар. Бәрі дұрыс болады деп ойлаймын», - деді Абаев.

Айта кетейік, шараға Парламент депутаттары, Президент әкімшілігінің өкілдері, республикалық және өңірлік БАҚ басшылары, журналистері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Ресейдің танымал тележурналистері қатысуда. Үш сессиямен өтетін форум барысында қазақстандық журналистер мен қоғамды алаңдататын өзекті мәселелер талқылануда.