Өңірлік даму министрлігі бір жұмысты бітірмей, екіншісіне кірісті - депутат А.Бекенов
АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - Бүгінде атқарушы билік дайын тұрған жұмысты орындай алмайды. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Бекенов осылай айтты.
«Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі атқарушы биліктің ел басшылығы берген тапсырмаларын орындай алмайтынын көрсетті. Оларға (барлық деңгейдегі әкімдіктер - авт.) мемлекеттік бағдарламалар ұсынылады. Онда барлық мәселелерді шешу жолдары нақты көрсетілген. Ал, ең бастысы, әрбір бағдарлама бойынша қыруар қаражат бөлінеді. Былайша айтқанда, атқарушы билік дайын тұрған жұмысты орындай алмайды. Бұл кәдімгідей «созылмалы ауруға» айналды», - дейді депутат. Оның айтуынша, орталық пен аудандарда отырған шенеуніктер халықтың жағдайын ойламайтын болып көрінеді. Оған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар аясында болған сыбайлас жемқорлық және бюджет қаржысын талан-таражға салу оқиғалары дәлел бола алады. Мәселен, ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасы бүгінде тек 30 пайызға ғана орындалып келеді. «Соған қарамастан, өңірлік даму министрлігі тағы бір жаңа бағдарламаны әзірлеуге кірісті. Ал Президент Н.Назарбаев ондай жұмысқа жол бермеу қажеттігін қадап айтқан болатын», - дейді А.Бекенов.