Өңірлік даму министрлігі құрылысқа рұқсат алу үдерісін едәуір жеңілдетпек
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Өңірлік даму министрлігі құрылысқа рұқсат алу үдерісін айтарлықтай жеңілдетуді көздеп отыр.
Бұл туралы бүгін «Doing Business» рейтингінде Қазақстан индикаторларын жақсарту мәселесіне арналған Үкімет отырысында аталған ведомствоның вице-министрі Серік Нокин мәлім етті.
«Біз ғимаратты сәулеттік жоспарлау мен техникалық жағдайларды алу мерзімін айтарлықтай қысқартудамыз, яғни 30-40 күннен 5-7 күнге дейін»,-деді ол.
С. Нокиннің айтуынша, осы шаралар құрылысқа рұқсат алу бойынша «Doing Business» рейтингінде Қазақстанды 20-30 позицияға жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, рейтингте 189 мемлекеттің арасында Қазақстан 50 орында тұрғанымен, «Халықаралық сауда» индикаторында 186 орында, «Құрылысқа рұқсат беру» бойынша 145 орында, «Энергиямен қамтамасыз ету жүйесіне қосылу» индикаторында - 86, «Несие алу» индикаторларында 89 орында тұғырланған.