Өңірлік Хаб қызметінің құрылғанына 5 жыл толды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Əкімшілігінің Басшысы Əділбек Жақсыбеков Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік Хабтың құрылғанына 5 жыл толуымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Құрметті Басқарушы комитеттің мүшелері! Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік Хабтың қызметіне бес жыл толуына орай шын жүректен шыққан құттықтауымды қабыл алыңыздар! Осыдан бес жыл бұрын Елбасы мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибелермен және қол жеткізген жетістіктермен бөлісетін платформа ретінде осы Хабты құру жөніндегі бастаманы  қызу қолдаған болатын. Бүгінгі таңда Хаб 38 елдің басын қосқан танымал халықаралық ұйымға айналды" - деді ҚР Президенті Əкімшілігінің Басшысы.

Əділбек Жақсыбековтың айтуынша, келісім алаңында  қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік қызметтегі институционалды және адами әлеуетін арттыруға бағытталған шешімдер бірінен кейін бірі дүниеге келіп жатыр. Хабтың қолдауымен 2017 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшылары алғаш рет Қазақстан мен Экономикалық ынтымақтастық және даму елдеріндегі мемлекеттік қызметтегі қол жеткен жетістіктерге салыстырмалы талдау жасаған.

"Талдауда мемлекеттік қызметтің қазіргі жағдайына баға беріліп, оны одан әрі реформалау жөніндегі ұсыныстар енгізілді.

Қазақстандағы мемлекеттік қызметті одан әрі жетілдіруге Хабтың қосқан үлесі аса қомақты деп айтуға әбден болады.

Алдағы уақытта да Хаб мемлекеттік қызметті жаңғырту жөніндегі ең озық ұсыныстар беру мақсатында өз әлеуетін сарқа пайдаланатынына сенімім мол" - деді Жақсыбеков өз құттықтауында.

Айта кетсек, Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік Хаб - аймақтағы мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибе мен білім алмасудың институционалдық алаңы болып табылады. Хаб Қазақстан Республикасы Үкіметі мен бастаманы жүзеге асыруда шешуші әріптес ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымынан қаржылай және институционалды қолдау тауып отыр. Ұйымға қатысушы елдердің географиялық ауқымы Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуропа, Орталық Азия мен Кавказдан  АСЕАН елдеріне дейін кеңеюі тиімді мемлекеттік қызмет барлық елдер үшін қажетті екенін айғақтайды. Қазіргі таңда Хаб қызметі оған кіретін 38 қатысушы-ел мен 5 халықаралық ұйым сұраныстарына сай. Хабтың жұмысының шешуші бағыттарының бірі - 16 Тұрақты Даму Мақсаты мен 17 Тұрақты Даму Мақсатын ілгерілету, үшжақты ынтымақтастық және Оңтүстік-Оңтүстік форматындағы ынтымақтастық болып табылады.

Соңғы жаңалықтар