Өңірлік индустрияландыру картасы: Көкшетауда 17 жоба енгізілді

  КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Өңірлік индустрияландыру картасына Көкшетау қаласы бойынша 1257 жұмыс орны құрылатын құны 20,2 миллиард теңгенің 17 жобасы енгізілді. Бұл туралы Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев «2017 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2018 жылдың негізгі міндеттері туралы» халық алдында есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік индустрияландыру картасы: Көкшетауда 17 жоба енгізілді

«Достар» мәдениет сарайында өткен шараға Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, облыстық мәслихаттың хатшысы мен депутаттары, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалар, кәсіпорын-ұйым басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Қала әкімі жылдың елеулі оқиғаларына тоқтала келіп, Мемлекет басшысының жуырдағы Жолдауынан туындайтын міндеттер ауқымында атқарылатын жұмыстар жоспарын ортаға салды.

Оның мәлімдеуінше, өткен жылдың қорытындылары алдағы ауқымды істерге сенімді негіз бола алады. Экономиканың нақты секторы серпінді дамуда. Қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 101,8 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Яғни, жоспар асыра орындалған. Уақыт талабына сай ұмтылыстар да көңіл толтырады.

«Өңірлік индустрияландыру картасына Көкшетау қаласы бойынша 1257 жұмыс орны құрылатын құны 20,2 миллиард теңгенің 17 жобасы енгізілді. Бұған қосымша, картадан тыс әлеуметтік 10 жоба қолға алынған. Бұл инвестициялық климаттың жақсарғанынан дерек береді. Инвестиция демекші, негізгі капиталға құйылған қаржы 32,3 миллиард теңгеге жетіп, 2016 жылғы деңгейден 2,1 миллиард теңгеге асып түскені жақсы көрсеткіштер қатарында бағаланды. Қайтарым осындайдан молаяды. Мәселен, шағын бизнес саласынан ғана бюджетке 11,7 миллиард теңге қаржы түсіп отыр», деді қала әкімі.
null null


null