Өңірлік жалпы өнім жарты жылда 11 пайызға өсті - БҚО әкімі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ағымдағы жылдың 6 айында Батыс Қазақстан облысының өңірлік жалпы өнімі 11 пайызға өсті. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік жалпы өнім жарты жылда 11 пайызға өсті - БҚО әкімі

«Өңірдің жалпы өнімі жарты жылда 11 пайызға өсіп, 990 млрд теңгені құрап отыр. 9 айдың қорытындысында өнеркәсіп өнімнің көлемі - 1,4 трлн теңгені құрап, өсім 9,2 пайыз көлемінде байқалады. Соның ішінде тау-кен өндірісінде 10 пайыз, өңдеу өнеркәсібінде 3 пайыз өсім бар. Өңірімізде құрылыс қарқыны жоғары. Бұл салада 5 пайыздан астам өсім бар. Негізгі капиталға инвестиция көлемі 245 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда төмендеу»,-  деді ол.

Осы ретте өңір басшысы бұл төмендеу өңірдегі ең ірі өндіріс ошағы Қарашығанақта үш жылда бір болатын жөндеу жұмыстарына байланысты орын алғанын айтты.

«Индустрияландыру картасы бойынша биыл 10 инвестициялық жоба іске қосылуы жоспарланған, оның жетеуінің жұмысы аяқталды. Қалған үшеуі жылдың соңына дейін іске қосылатын болады. Жалпы осы жобалардың инвестиция көлемі 8 млрд  теңгені құрайды. 600 жаңа жұмыс орны ашылды», - деді Алтай Көлгінов.