Онкологиялық ауруларға әлеуметтік қолдау қажет - Бас онколог Қ.Нұрғазиев

Бұл туралы ол бүгін Парламент Мәжілісінде «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес отырысында «Қазақстан Республикасында онкологиялық көмекті дамыту туралы» салалық бағдарлама жобасының таныстырылымы барысында журналистерге берген сұхбатында айтты.
Қ.Нұрғазиевтің айтуынша, онкологиялық аурулар неғұрлым асқынған сайын оны емдеу де соғұрлым қымбаттай бермек. Ол әрине мемлекет үшін де сырқат адамның өзі үшін де тіпті дәрігер үшін де қиын әрі қымбат болады. Сондықтан қалың көпшілікті осы аурудың алдын алуға үйрету керек. Әр азамат өзінің денсаулығына бірінші кезекте өзі жауапты. Қоғам өкілдері алдын ала дәрігерге қаралып, денсаулық жағдайын ұдайы тексертіп отыру керек.
«Бүгін біздің халық қалаулыларының алдына ұсынып отырған бағдарламамыз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптары негізінде дайындалған. Біріншіден ол профилактикалық жұмыстар. Яғни адамның тамақтануынан бастап, қалай жүріп-тұру керектігі, қандай әдеттерден сақтануы керек деген сияқты кең ауқымды мәселелерді қамтиды. Екінші бағыт науқастың ауруын тауып, оны жүйелі емдеумен байланысты. Үшінші бағыт жоғары технологиялы құрылғылардың көмегімен емдеуге байланысты»,- деді Бас онколог.
Оның сөзінше, қазіргі таңда елімізде онкологиялық науқастарды емдейтін заманға сай құрылғылар саны өте аз. «Сондықтан бұл мәселеге үкіметтің де жергілікті әкімдіктердің де барынша көңіл бөлгендері ләзім. Әйтпесе елдегі онкологиялық аурумен науқастанғандар осыдан 30-40 жыл бұрын салынған ғимараттарда емделуде. Осы мәселелердің барлығын шешу керек. Бұған қоса бізге осы індет түрлерімен күресетін дәрігер мамандардың біліктіліктерін де жетілдірген жөн. Өйткені онкология деген үлкен жүйе. Оны жалғаз онкологтың күшімен емдей алмайсыз. Бұл іске химия терапевті, хирург, радиолог, медицина физигі мен химигі сияқты мамандар да атсалысулары керек. Бұл мамандардың барлығының біліктілігі жоғары болғаны дұрыс. Осы тұрғыдан келгенде біз қазір кәсіби мамандарға да зәруміз»,-деді Бас онколог.
Оның деректеріне сүйенсек, 2011 жылы елімізде 30 мың 299 науқас анықталды. Ал диспансерлік есепте тіркелгендер саны 148 мың 861 болады.