Онлайн құрбан шалу: Мұқтаж жандарға ет үлестіруге волонтерлер қажет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы онлайн шалынған құрбан еттерін мұқтаждарға таратуға волонтерлерді шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Карантин кезінде онлайн құрбандық шалу жобасына мемлекетіміз қолдау көрсетуде. Әр облыста құрбан шалатын орындар белгіленіп, жергілікті әкімдік пен санитарлық дәрігерлердің рұқсатымен, тәртіп сақшыларының қадағалауымен карантин талаптарын қатаң түрде сақтай отырып орындалады. Осы тұста әр облыстың діни ахуалына жауап беретін мекемелерді біздің облыстық өкілдіктермен бірге жұмыс істеуге шақырамын. Осы мақсатта діни басқарма мен обылстық мешіттер жанынан ақпарат беру орталықтары да құрылды. Онлайн құрбандық туралы ақпарат алғысы келетін азаматтар осы орталықтарға хабарласа алады», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Сонымен бірге, Бас мүфти осындай қиын-қыстау кезде азаматтарды пендешілікке салынып, пайда табу мен алыпсатарлыққа бармай, мал бағасын қымбаттатпауға, халықтың жағдайын ескеруге шақырды.

«Қасапшылар да өз қызметіне алатын ақысын қымбаттатпай, жанашырлықпен елге қызмет етеді деп үміттенеміз. Құрбандық шалуды жүзеге асыру үшін облыс, қала әкімдерін, санитарлық-эпидемиологиялық басқарма қызметкерлерін тәртіп сақшыларымен бірлесіп атсалысуға үндеймін. Шалынған құрбан еттерін әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, мұқтаж жандарға үлестіру үшін еріктілерді сауабы мол іске қол ұшын беруге шақырамыз», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бұған дейін ҚМДБ төрағасы Сәтпаев қаласындағы оқиғаға қатысты пікір білдірді және қашықтан құрбан шалу жүйесінің қалай жұмысістейтінін түсіндірді.

31 шілде күні Қазақстан мешіттерінде Құрбан айт намазы оқылмайды.

Фото: ummet.kz


Соңғы жаңалықтар