Онлайн платформаларда алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынды ма
АСТАНА. KAZINFORM — Электрондық сауда алаңдарында сатуға тыйым салынған және шектеу қойылған тауарлардың бірыңғай тізімі жарияланғаннан кейін, ел ішінде бірқатар сұрақ туындады. Бұл норма алкоголь өнімдерін енді ғаламтор арқылы сатуға болмайды дегенді білдіре ме және мұндай жағдайда заң бұзушылық үшін кім жауапты болады? Аталған сауалға ҚР Сауда және интеграция министрлігі жауап берді.
Алкоголь саудасына тыйым жоқ, бірақ оны сатудың талаптары бар
Министрліктің мәліметінше, «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға сай, алкоголь өнімдері электрондық саудаға тыйым салынатын тауарлар санатына жатпайды. Ал жарияланған тізбе жаңа шектеулер енгізбейді, тек қолданыстағы нормаларды жүйелейді.
Алайда бұл алкогольді интернет арқылы ешқандай талапсыз сатуға болады деген сөз емес. Министрлік түсіндіргендей, алкоголь өнімдерін онлайн сатқанда, кәсіпкерлер этил спирті мен алкоголь өнімдерін өндіру және олардың айналымын реттейтін заңнама талаптарын, соның ішінде лицензиялау және өзге де міндеттемелерді орындауы керек.
Жауапкершілік маркетплейске емес, сатушыға жүктеледі
Министрлік тарқатқан негізгі мәселе — маркетплейске тауарды қою немесе оған техникалық тұрғыдан тапсырыс беру заң бұзу болып саналмайды. Егер қандай да бір кәсіпкер алкоголь өнімдері айналымына байланысты лицензиялық немесе өзге де талаптарды орындамаса, жауапкершілік нақты сол сатушыға жүктеледі.
— Электрондық сауда алаңында тауар туралы ақпаратты жүктеу немесе оған тапсырыс рәсімдеудің техникалық мүмкіндігі болуы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу болып есептелмейді, — деп атап өтті министрлік.
Нақтылап айтқанда, маркетплейстер немесе жеткізу қызметтерінің иелері каталогында алкоголь өнімдері болғаны үшін жауапкершілікке тартылмайды. Бұл жерде ең бастысы мәселе — тауарды онлайн платформаларға салған сатушының заң талаптарына сай әрекет етуі.
Тексеру және жауапкершілікке тартуға кім құзіретті
Алкоголь өндірісі және олардың айналымы саласындағы талаптардың сақталуын бақылау — ҚР Қаржы министрлігінің құзыретіндегі іс. Дәл осы орган лицензия береді, міндетті талаптарды белгілейді және Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексерулер жүргізеді.
Егер заң бұзу анықталса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тарту да аталған мемлекеттік орган құзіретінде.
Ал Сауда және интеграция министрлігі тек ақпараттық-анықтамалық сипаттағы тізімді жасайды. Әйтсе де, бұл тізімнің міндетті заңдық күші жоқ, бар болғаны ұсынымның рөлін атқарады.
Қорыта айтқанда, маркетплейстер, агрегаторлар және жеткізу сервистері бұрынғы құқықтық тәртіп аясында жұмысын жалғастыра береді.
Жоғарыда жазғанымыздай, онлайн платформаларда алкоголь өнімдерін орналастыру немесе оған тапсырыс рәсімдеуге техникалық мүмкіндік болуы заң бұзушылыққа жатпайды. Ал алкоголь өнімдерін тиісті лицензиясыз немесе салалық заң талаптарын бұза отырып сататын сатушылар жауапкершілікке тартылады.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада заңсыз алкоголь саудасына қарсы бақылау күшейтілетінін жазғанбыз.