Онлайн тапсырысқа кімдер 21 пайыз алым төлейді

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кірістер комитеті Әдістеме департаменті Кеден әдістемесі басқармасының бас сарапшысы Мархабат Омарова ведомствоның онлайн баспасөз мәслихатында Еуразиялық экономикалық кеңестің онлайн тапсырыстарды реттеу тәртібі қарапайым қазақстандықтарға қалай әсер ететінін айтты.

Цены под контроль: Китай вводит новые правила для маркетплейсов
Фото: Freepik

— Жаңа кедендік талаптың әсерін қарапайым тапсырыс берушілер сезінбейді де. Өзгерісті сәлемдемесінің құны 200 еуродан жоғары тапсырыс берушілер көбірек сезінеді. Кеденнен бажсыз тауар кіргізудің төменгі шегі бұл, яғни сіздің тапсырыс арқылы алғызатын тауар бағасы 200 доллардан аз болса, ешқандай баж, төлем, салық төлемейсіз. Бұл қазіргі бағаммен алғанда 115 мың теңгенің айналасы. Бұрын қалай алып жүрдіңіз, солай ала бересіз. Бірақ кеденнен өткен тауардың бағасына қарамай бәріне бірдей декларация тапсырылуы керек, — деді ол.

Айтуынша, қазір Қазақстанға сырттан онлайн тапсырыс арқылы кіретін тауарлардың 90 пайыздан астамы 200 еуродан арзан тауарлар болып отыр.

— Осынша тауар қазір декларациясыз іріп жатыр деген сөз. Кеден органдары кім нені, қайдан алып жатқанын жіті қадағалап отырған жоқ. Ал оның арасында зиянды немесе қауіпті тауар да болуы мүмкін. Сондықтан бүкіл тауар декларациялануы керек деген талап еніп жатыр. Қазір жоба аясында соған қатысушы компаниялар бүкіл тапсырысын декларациялап бастап кетті. Болашақта электронды сауда операторлары қарапайым тұтынушылардың орнына әр тауарға декларация тапсырады. Сонда бұл өзгерістердің халықтың басым көпшілігіне әсер етпейді деп топшылап отырмыз, — деді мемкіріс өкілі.

Оның сөзінше, онлайн тапсырыс арқылы алғызатын сәлемдемесінің құны 200 еуродан асатын сатып алушылардың бәрі жаңаша баж төлейтін болады.

— Қазір құны 200 еуродан артық тапсырыстың шектен артылған сомасынан ғана 15 пайыз көлемінде баж төлеп жүрсек, қазір тауарды бүкіл құнының 5 пайызына баж төлейміз. Бұл Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімі. Осы шешімді талқылаған кезде баждың көлемі 20, 30 пайыз болсын деген де ұсыныстар болды. Бірақ Қазақстан тарабы 5 пайыз деген мөлшерлемені сақтап қалды. Мұның сыртында қосылған құн салығы бар. Сонда онлайн тапсырыс арқылы алғызатын сәлемдеменің құны 200 еуродан асып кетсе, бүкіл құнының 21 пайызы көлемінде алым төлейсіз, — деп түсіндірді Мархабат Омарова.

Сондай-ақ, ол 200 еуро дейтін шек бір сәлемдеменің құны екенін, бір айда немесе бір аптада, бір жылда деген мерзіммен шектеу болмайтынын айтты.

— 200 еуро бір сәлемдеме құнына есептеледі. Мысалы, бірнешe тауарды бір трэк-нөмірмен, бір уақытта бір сәлемдеме арқылы алғызсаңыз және бәрінің бағасы 200 еуродан аспаса, ешқандай қосымша алым төлемейсіз. Бір тауардың құны 200 еуродан асып кетсе де баж төлейсіз, — деді комитет сарапшысы.

Мархабат Омарова электронды сауданың бір декларациясында 999 тауарға дейін көрсетуге болатынын айтты. Пилоттық жобаға қатысып жатқан операторлар жеке тұлғалардан тапсырысына декларация тапсырғаны үшін ақы алып жатпағанын да айтты. Ондай қызметке ақы сұраған жағдайда тапсырыс беруші жеке тұлға өзі де декларация тапсыра алады.

Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов онлайн сауданың дамуы елімізге экологиялық залал келтіріп жатыр деп мәселе көтерген болатын.