Ономастикалық комиссиялар көп жағдайларда нысандарға белгісіз адамдардың атын беріп отырған - Д. Мыңбай
АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат - Облыстық ономастикалық комиссиялар көп жағдайларда нысандарға белгісіз адамдардың атын беріп отырған.
Бұл туралы бүгін Сенаттың пленарлық отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын таныстыру кезінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай мәлім етті.
Министр Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта елімізде көптеген елді мекендер мен көшелердің атаулары өзгертіліп, тарихи әділдік қалпына келтірілгенін, ономастика салысында үлкен жұмыс атқарылғанын тілге тиек етті. Соңғы 5 жылда республикада атауларды беру мен атауды ауыстыру бойынша ономастикалық жұмыстарды жүргізуге уақытша мораторий жарияланды. Оның айтуынша, осы уақыттың ішінде бірқатар мәселелер туындап, оның нәтижесінде ономастикалық салада заңнамалық базаны жетілдіру қажеттілігі байқалды.
Д. Мыңбайдың сөзіне қарағанда, облыстық ономастикалық комиссиялардың ашық әрі жүйелік шешімдерді жеткіліксіз деңгейде қабылдауының салдарынан көптеген жағдайларда елдің алдында еңбегі жоқ белгісіз адамдардың атын нысандарға негізсіз беру орын алды. Көп жерлерде өз ықтиярларымен көше атауларын ауыстыру сәнге айналған. Бұл өз кезегінде қоғам тарапынан сын тудыруда. Сондықтан да Үкімет осы проблеманы шешу үшін заңнамаға тиісті өзгертулерді әзірледі.