Өңір әкімдіктерінің егін жинау статистикасында сәйкессіздік бар – Айдарбек Сапаров
АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров облыс әкімдіктерінен егін, астыққа қатысты деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуді және оларды статистикаға сәйкес келтіруді тапсыруды сұрады.
«Өңір әкімдіктері ұсынатын жедел деректер мен ресми статистика арасында сәйкессіздік бар. Жыл сайын егіс және егін жинау жұмыстарының қорытындылары бойынша берілетін жедел деректер 4-СХ және 29-СХ нысандары бойынша статистикалық есептермен сәйкес келмейді. Осыған байланысты, облыс әкімдіктеріне деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуді және оларды статистикаға сәйкес келтіруді тапсыруды сұраймын. Жаңа өнімді сақтау мәселесі аса маңызды болып отыр. Республикадағы астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30 млн тоннаны құрайды. Астық қабылдау кәсіпорындарында астық қабылдау жалғасуда, қабылданған астықтың 57%-ы 3-ші сыныпқа сәйкес келеді», - деді Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында.
Сонымен қатар министр өңір әкімдіктері астықты корпорацияға тапсыру, экспортқа жөнелту және басқа аймақтарға уақытылы тасымалдау үшін элеваторлардың тәулік бойы қабылдауды қамтамасыз етуі қажеттігін айтты. Оның айтуынша, элеваторлардың тәулік бойы жұмыс істеуі үшін барлық тиісті жағдай жасалған.
«Жинау жұмыстарына бөлінген 362 мың тонна жеңілдікті дизель отынына қосымша, астықты кептіру үшін тағы 68 мың тонна жеңілдікті дизель бөлінді. Бұдан бөлек, сұйытылған газбен жұмыс істейтін астық кептіргіш қондырғылар үшін 22 мың тонна газ бөлінді. Астық нарығындағы ағымдағы жағдайды ескере отырып, корпорация бидайды форвардтық сатып алу бағаларын белгіледі. Биыл егін, егістікке бөлінген қаражат барлық қажетті материалдық құндылықтарды сатып алуға мүмкіндік берді», - дейді ол.
Одан бөлек, ведомство басшысы 2025 жылға арналған қаржыландыру биылғы желтоқсанда басталатынын айтты. Мәлімдеуінше, бұл көктемгі егіс жұмыстарына уақытылы дайындалуға және жаңа маусымды кешіктірмей бастауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, елімізде егін жинау маусымы аяқталды. Биыл егістің орташа өнімділігі 16 ц/га болды.