Өңірлердегі тасқыннан кейін судың сапасын толықтай тексеру керек - маман
АСТАНА. KAZINFORM – Су шаруашылығы саласының ардагері, инженер-гидротехник, Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы атқарушы дирекциясының бас маманы Әмірхан Кеншімов тасқыннан кейінгі су сапасының өзгеруі жағдайына пікір білдірді.
«Менің ойымша, судың сапасын зерттеу біраз жерде жүргізілген жоқ. Өйткені, мұның бәрі белгілі бір дәрежеде күтпеген жағдай болды. Жалпы, су басатын өңірлерде су сапасына сараптама жасау қажет. Су басқан аймақтарда даладағы дәретханалар да, септиктер, кәріз жүйесі де көп болды. Мұның бәрі су астында қалды. Екіншіден, көптеген мал суға батты. Егер өлекселер дер кезінде табылып жойылмаса, бұл да қауіп төндіреді. Бұл жағдайда індеттің таралу қаупі артады. Сонымен қатар, химиялық заттар мен тыңайтқыштардың қоймалары да су астында қалуы ықтимал», - деді Ә. Кеншімов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.
Бұл тұрғыда ол осындай жағдайда міндетті түрде судың сапасына толықтай сараптама жасау керек екенін атап өтті.
«Біз тасқын судың қайда ағып барғанын қарауымыз керек. Егер қайтадан өзендерге түссе, онда сынамаларды сол жерден алу қажет. Өзендерде гидрохимиялық бекеттер бар, онда жүйелі түрде судың сапасына талдау жасалуы керек. Каспий теңізі мен көлдерге біраз су ағып барды. Сондықтан олардың сапасын тексеру мыңызды. Мұның бәрі ауқымды жұмыс және оған қомақты қаражат керек. Яғни, осы жұмыстар неғұрлым жылдам басталса, соғұрлым тезірек аурудың таралуын болдырмау мүмкіндігі жасалады. Осының барлығын тексеру керек. Бұл процеске тек гидрометеорологиялық станцияларды ғана емес, сонымен қатар ветеринарлық зертханалар мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтерді де тарту керек сияқты», - деді маман.