Өңірлерден іріктелген дарынды оқушылар халықаралық білім гранттарын иеленді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның түрлі өңірінен шыққан дарынды оқушылар Халықаралық бакалавриат (IB) бағдарламасы бойынша тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Биыл бұл мәртебелі грантқа іріктеуден сүрінбей өткен 17 оқушы лайық деп танылды.
Астана мен Алматы қалаларындағы MIRAS халықаралық мектептерінде дарынды жоғары сынып оқушыларына арналған білім гранттарын табыстау салтанаты өтті. Бағдарлама 2021 жылдан бері NNEF қоғамдық қоры мен Тимур Құлыбаев жетекшілік ететін Halyk қайырымдылық қорының бірлескен жобасы аясында жүзеге асып келеді.
100 пайыздық грант иегері Жания Жомарт байқау бірнеше кезеңнен тұрғанын айтты.
– Іріктеу барысында ағылшын және орыс тілдерінен, сондай-ақ математикадан тест тапсырып, сұхбаттан өттік. Маған физика-математика бағыты ерекше ұнайды. Есеп пен теңдеулер шешуді жақсы көремін. Халықаралық бағдарлама бойынша оқу маған жаңа достар, білікті ұстаздар мен шексіз мүмкіндік сыйлады. IB жүйесі жан-жақты дамуға және халықаралық олимпиадаларға қатысуға жол ашады, - дейді ол.

Жания алдағы уақытта инженерия саласы бойынша шетелдік жоғары оқу орнына түсіп, білімін жетілдіріп, кейін туған еліне оралып, ел игілігіне еңбек етуді мақсат етеді.
Halyk қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшаиковтің айтуынша, дарынды балаларды қолдау – қор жұмысының негізгі бағытының бірі.
– 2021 жылдан бері біз жыл сайын талантты оқушыларға 100 пайыздық оқу гранттарын бөліп келеміз. Биыл байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 2000-нан астам 9–10-сынып оқушысы қатысты. Соның ішінде 17 оқушы білім грантына ие болды. IB бағдарламасының түлектері үнемі жоғары нәтижелер көрсетіп, шетелдің жетекші университеттерінен шақыртулар алып жүр, - деді ол.

Бес жыл ішінде бұл жобаға 5 000-нан астам мектеп оқушысы қатысқан. Жалпы NNEF және Halyk қорлары барлығы 70 білім грантын табыстаған. Астанадағы MIRAS мектебінің директоры Елена Хамитова байқауға қатысушылардың географиясы жыл сайын кеңейіп келе жатқанын атап өтті.
– Кейінгі жылдары шалғай өңірлерден келіп, өз дарынымен ерекшеленген балалардың қатары көбейді. Біздің грант иегерлеріміз – тек үздік оқушылар ғана емес, сонымен қатар волонтерлікпен айналысатын, қоғамға пайдалы жобалардың бастамашылары, - деді ол.

Айта кетсек, NNEF қорының білім беру ұйымдары 1999 жылы Динара Құлыбаеваның бастамасымен құрылған және бүгінде Халықаралық бакалавриаттың үш деңгейі – бастауыш, негізгі және жоғары мектеп бағдарламалары бойынша аккредиттелген. Қазіргі таңда әлемде 661 IB мектебі бар, олардың төртеуі Қазақстанда жұмыс істейді. 2021–2024 жылдары грант иегері атанған 37-ден астам түлек шетелдің беделді университеттеріне толық немесе ішінара грантпен оқуға түскен.
Халықаралық бағдарлама еліміздің түкпір-түкпіріндегі талантты балаларға тең мүмкіндік беріп, олардың әлеуетін ашуға, заманауи білім алуға және әлемдік аренада өз орнын табуға жол ашып отыр.