Өңірлердің өз борышын өтеуде жауапкершілігі артады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда өңірлік деңгейде мемлекеттік борышты басқару тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылданды. Қажетті жұмысты Ұлттық экономика министрлігі Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша жүргізді. 

Өңірлердің өз борышын өтеуде жауапкершілігі артады
Фото: Жоғары аудиторлық палата

Бұрын жүргізілген мемлекеттік аудит шеңберінде осы салада бірқатар кемшілік анықталған болатын.

—  «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жергілікті атқарушы органдардың басқа кредиторлар алдындағы қарызын өтеуге жұмсалған шығыс жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде ескерілген. Бұл орталыққа борыштық жүктеме түсіреді. Жергілікті жерде қарыз алу лимиттері (кірістердің 10%-ынан аспайтын) кей жағдайларда сақталмайды. Ал жергілікті атқарушы органдардың лимитті сақтамағаны үшін жауаптылығы көзделмеген. Жалпы қарызды басқару әртүрлі әдіспен жүзеге асырылып келген, — делінген Жоғары аудиторлық палата хабарламасында.

Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата ҰЭМ-ге нормативтік-құқықтық базаға қажетті өзгерістер енгізу арқылы анықталған олқылықтарды жоюды тапсырды.

Нәтижесінде жаңа Бюджет кодексіне (2025 жылғы 15 наурызда қол қойылған) бірқатар тиісті түзету енгізілді:

енді жергілікті қарыздарды өтеуге арналған шығыстар орталық деңгейде қалыптасатын өңірлердің жалпы шығындарының болжамына (білім беру, медицина, инфрақұрылым және т. б.) енгізілмейді. Бұл өңірлерге оларды өтеу бойынша басым жауаптылық бекітеді;

жергілікті атқарушы органдар борышының лимиттері Президент жарлықтарымен бекітілетін нысаналы бағдарлар ескеріле отырып айқындалады;

лимиттердің сақталмағаны үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері тікелей жауапты болады.

Сонымен қатар төмен тұрған бюджеттің салықтық және салықтық емес кірістерін асыра орындау сомалары енді тоқсанына бір рет олардың борыштық міндеттемелерін өтеуге және жоғары тұрған жергілікті бюджеттердің басым әлеуметтік шығысын қаржыландыруға бағытталады.

— Бұл тәсіл бюджеттердің дербестік қағидаттарын нығайтуға, борыштық жүктемені қысқартуға, қаржылық тәртіпті арттыруға және бюджет қаражатын тиімдірек бөлуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Айта кетелік республикалық бюджеттен бөлінген 207 млн теңге тиімсіз жұмсалғаны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар