Өңірлерге сұйытылған газ бөлу процесі автоматтандырылады
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Энергетика министрлігі мен облыс әкімдеріне сұйытылған газ бөлу процесі автоматтандырудың ұсыныстарын бір айдың ішінде әзірлеуді тапсырды.

— Өңірлердің сұйытылған мұнай газына деген қажеттіліктерін қалыптастыру және оны бөлу процестерін цифрландыру мәселесіне де назар аудару керек. Бүгінде ол қолмен атқарылады әрі мұндай тетіктің ашық болмауы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне алып келеді. Сондықтан бұл процесті цифрландырып, барлық қатысушыға түсінікті болатындай ету қажет, — деді ол.
Бұл жұмысты бақылау мен үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жүктелді.
— Энергетика министрлігіне және өңір әкімдеріне сұйытылған газды бөлу процестерін автоматтандыру бойынша бір ай мерзімде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын, — деді Үкімет басшысы.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзен газ өңдеу зауыты құрылысының кешігуін Үкіметтің өрескел олқылығы ретінде бағалаған еді.
Осыған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жәркешевке саладағы проблемаларды ашып айтпағаны үшін ескерту жасады.
Ал «Самұрық-Қазынаға» Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытын тездетіп салуды тапсырды.
Сонымен қатар Қазақстан 3 айда 17,2 млрд текше метр газ өндіргені белгілі болды.
Қазір QazaqGaz 535,5 млрд текше метр газ қоры бар 15 учаскені барлап жатыр.
Тауарлық газға арналған «әлеуметтік әмиян» газдандырылған өңірлердің бәріне таратылатын болды.